Болашақтың қаласы әлемдік қауымдастыққа таныстырылып, Лондон Қазақстанның ірі инвестициялық келісімдеріне қол қою алаңына айналды. Alatau City халықаралық деңгейге шығуда. Ірі қаржы институттары, әлемдік корпорациялар, сондай-ақ білім беру және медицина саласындағы жетекші компаниялар қаланы құру жобасына қатысу мүмкіндігін қарастыруда. Қазірдің өзінде жалпы құны 1 млрд 300 млн АҚШ долларын құрайтын тоғыз келісімге қол қойылды. Бұл жай ғана жаңа қала салу емес, Орталық Азиядағы жаңа экономикалық және технологиялық хабты қалыптастыруға бағытталған ауқымды бастама, деп хабарлайды «24KZ».
Alatau City – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылып жатқан Қазақстандағы алғашқы толық цифрлық қала болмақ. Лондонда өткен инвестициялық дөңгелек үстелге 70-тен астам компанияның, банк пен инвестициялық қордың өкілдері қатысты. Оларға Орталық Азиядағы жаңа іскерлік және технологиялық орталықты дамыту тұжырымдамасы таныстырылды.
Дэн Рингельштейн, ARUP компаниясының бас жоспарлау және қала дизайны жөніндегі директоры:
– Alatau City жай ғана ақылды қала емес, заманауи қалалық ортаның үлгісіне айналады. Басымдық жаяу жүргіншілер мен қоғамдық көлікке беріледі. Тауарларды жеткізу үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылады, ал болашақта әуе таксилері де пайда болуы мүмкін.
Саймон Кокс, Norton Rose Fulbright заң компаниясының аға кеңесшісі:
– Басты мақсат – инвесторлар өздерін сенімді сезінетін құқықтық орта қалыптастыру. Ол үшін ағылшын жалпы құқығына негізделген дербес құқықтық жүйе әзірленуде. Бұл жүйе инвестициялардың қорғалуын қамтамасыз етіп, бизнесті жүргізудің халықаралық стандарттарына сәйкес келеді.
Гарри Доббс, Alatau City кеңесінің мүшесі:
– Қаланың тұжырымдамасы әзірленіп болды. Ендігі басты міндет – оны іс жүзінде жүзеге асыру. Қазірдің өзінде іскерлік орталық, туризм және логистика нысандарын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар жетекші халықаралық мамандардың қатысуымен қаланың бас жоспары әзірленуде.
Сонымен қатар Alatau City аумағында жалпы құны 35 млрд теңгеден асатын инженерлік және көлік инфрақұрылымына қатысты 28 жоба іске асырылуда.
Еуропадағы инвестициялық роуд-шоу Германияда жалғасады. Онда әлеуетті инвесторлармен жаңа кездесулер өткізу жоспарланған.