Ұлыбритания мен Alatau City қаласын не байланыстырады? Бұл сұрақтың жауабы Лондонда өткен кездесулер барысында айқындалды. Қазақстандық делегация бірнеше күн бойы әлеуетті серіктестермен келіссөздер жүргізіп, бірлескен жобаларды талқылады. Нәтижесінде жалпы құны 1 млрд АҚШ долларынан асатын келісімдерге қол қойылды. Британдық тарапты қандай салалар қызықтырды және бұл ынтымақтастық Қазақстанға қандай мүмкіндіктер ашады?
Бұл визиткалар алмасу – жай ғана кезекті іскерлік кездесу емес, қазақстандық балалардың өз елінде британдық білім алуына жол ашатын маңызды қадам. Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Brighton College International халықаралық мектептер тобының операциялық директоры Джон Уикспен қол алысты. Аталған мектептер мен Ұлыбританияның бірнеше жетекші университеті Alatau City қаласында өз білім беру мекемелерін ашуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, білім беру жобаларын іске асыруға жеке инвестор ретінде соңғы үш жыл бойы Forbes рейтингінде бірінші орынды иеленіп келе жатқан қазақстандық кәсіпкер Вячеслав Ким қатысады.
Қанат Бозымбаев, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары:
– Біз аса маңызды мәселелердің бірі – білім беру және ғылыми кластерді дамыту мәселесін талқыладық. Эксетер университетімен келісімге қол қойдық. Енді Alatau City қаласында Эксетер университетінің ірі кампусын құру бағытында тығыз ынтымақтастық орнататын боламыз.
Келіссөздер барысында технологиялар мен жасанды интеллект, өнеркәсіп, энергетика және цифрлық экономика салаларындағы ынтымақтастық мәселелері кеңінен талқыланды.
Қазақстандық делегация 70 халықаралық компанияның өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде жалпы құны 1,3 млрд АҚШ долларын құрайтын келісімдерге қол қойылды.
Осылайша, инвестициялық роуд-шоудың Лондондағы кезеңі аяқталды. Alatau City жобасына жаңа инвестициялар тарту мақсатында қазақстандық делегация сапарын Германияда жалғастырады.

Барлық жаңалықтар