Қазақстан мен Ұлыбритания инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуде, деп хабарлайды «24KZ».
Лондонда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегация Ұлыбритания үкіметінің және халықаралық қаржы институттарының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.
Лорд Стюарт Вудпен өткен кездесуде тараптар екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестік мәселелерін, ал Standard Chartered банкінің басшылығымен капитал тарту тетіктерін талқылады. Ұлыбританияның экспорттық-кредиттік агенттігімен жүргізілген келіссөздер барысында Alatau City қаласының энергетикалық, көлік және коммуналдық инфрақұрылым жобаларын экспорттық кредиттер мен мемлекеттік кепілдіктер есебінен қаржыландыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Қазақстан тарапы британдық инжинирингтік компанияларды, жабдық жеткізушілер мен қаржы институттарын тартуға болатын құрылыс саласындағы басым бағыттарды айқындауды ұсынды. Атап айтқанда, энергетикалық нысандар, сумен жабдықтау жүйелері және көлік инфрақұрылымы туралы сөз болды.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
– Біз, ең алдымен, қаланы дамытудың ұзақ мерзімді жоспарын және оны іске асырудың құрылымын таныстырдық. Қаланың ұзақ мерзімді даму жоспарын әзірлеуге атсалысып жатқан серіктестеріміз де өз көзқарастарын ұсынды.
Alatau City-де Ұлыбританияның жетекші білім беру мекемелерінің филиалдарын ашу жоспарлануда. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Brighton College, University of Exeter және Оксфордтағы Magdalen College мектебінің өкілдерімен келіссөздер өткізді.
Magdalen College өкілдерімен өткен кездесуде Alatau City-де халықаралық деңгейдегі мектеп ашу, британдық білім беру бағдарламаларын енгізу және педагогтерді бірлесіп даярлау мүмкіндіктері талқыланды.
Ричард Салданья, Оксфордтағы Magdalen College мектебінің басқарушы кеңесінің мүшесі:
– Alatau City – болашағы зор жоба. Онда мектебімізді ашуға ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпын. Британдық білім беру жүйесі қазақстандық балалар арасында сұранысқа ие болатынына сенімдімін.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://24.kz/ru/news/social/803825-alatau-city-privlekaet-partnerov