Қазақстан Alatau City қаласын дамытуға Германияның озық технологияларын, инвестициялары мен өнеркәсіптік тәжірибесін тартуды көздеп отыр. Берлинде Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Германияның федералдық ведомстволарының өкілдерімен және ірі компаниялардың басшыларымен келіссөздер өткізді.
Қазақстандық делегация сапарының маңызды іс-шараларының бірі неміс бизнесі мен қаржы ұйымдары өкілдерінің қатысуымен өткен кездесу болды. Қазақстан тарапы Alatau City жобасының мүмкіндіктері мен инвесторларға ұсынылатын жағдайларды таныстырды. Болашақ қала аумағында шетелдік компаниялар үшін арнайы құқықтық режим қарастырылған. Мұндай ынтымақтастық Қазақстан тарапы үшін де, Германия тарапы үшін де үлкен қызығушылық тудырып отыр.
Йенс Бёльманн, Германия экономикасының Шығыс комитеті басшылығының өкілі:
– Alatau City сияқты жобалар біз үшін үлкен қызығушылық тудырады. Өйткені мұнда Германия әлемдік деңгейде жетекші орын алатын және жоғары құзыретке ие салаларға сұраныс бар. Егер медициналық кластер құру туралы айтатын болсақ, біз медициналық жабдықтар мен фармацевтикалық өнімдерден бастап, клиникалар мен тиісті технологияларға дейін қажетті шешімдердің барлығын ұсына аламыз. Ал инфрақұрылым саласында көлік жүйелерінен бастап, қажетті инженерлік-коммуникациялық желілерге дейінгі барлық бағытта табысты жұмыс істейтін жетекші компанияларымыз бар.
Келіссөздер барысында Германиядан қаржыландыру тарту және бірлескен инвестициялық платформа құру мәселелері жеке қарастырылды. Аталған платформа неміс банктерінің қаржылық мүмкіндіктерін Қазақстанның мемлекеттік қолдау тетіктерімен ұштастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бизнес өкілдерімен жаңа өндіріс орындарын ашу, машина жасау саласын дамыту, сумен жабдықтау жүйелерін жетілдіру, медициналық орталық салу және энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Германия өкілдерінің айтуынша, елдің бұл бағыттарда мол тәжірибесі бар және Қазақстанға ұсынатын озық шешімдері жеткілікті.
Кристина Хаверкамп, Германия энергетикалық агенттігінің (DENA) басқарушы директоры:
– Президент Тоқаевтың Alatau City қаласын тұрақты әрі экологиялық таза қала ретінде дамыту әлеуетін нақты атап өткенін үлкен қызығушылықпен қабылдадық. Бұл қаладағы ғимараттардың энергия тиімділігі өте жоғары стандарттарға сәйкес келуі тиіс дегенді білдіреді. Германия осы саладағы жоғары құзыретімен танымал. Неміс компаниялары ғимараттардың сыртқы конструкциялары мен жылу оқшаулауынан бастап, ішкі инженерлік жүйелеріне дейін энергия тиімділігін арттыруға бағытталған озық шешімдерді ұсына алады. Осы бағытта Германия мен Alatau City арасында ынтымақтастықты кеңейтуге көптеген мүмкіндіктер ашылатынына сенімдімін.
Берлинде өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша 11 келісімге қол қойылды. Олардың жалпы инвестициялық әлеуеті 325 миллион АҚШ долларына бағаланып отыр.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://tv7.kz/ru/projects/news-ru/51014-kazahstan-privlekaet-nemeckie-investicii-i-tehnologii-dlya-razvitiya-alatau-city/