Германия компаниялары мен Қазақстан тарапы жаңа Alatau City қаласында алғашқы бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде келісімге келді. Берлинде өткен инвестициялық роуд-шоу қорытындысы бойынша 11 келісімге қол қойылды. Олар өндіріс, машина жасау, құрылыс, медицина, қала қауіпсіздігі және ұшқышсыз технологиялар салаларын қамтиды. Бұл туралы Қазақстан Үкіметі хабарлады.
Берлинде қандай мәселелер талқыланды?
Келіссөздерді Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев жүргізді. Ол Германияның федералдық мемлекеттік органдары мен іскерлік топтарының өкілдерімен кездесті. Тараптар өнеркәсіп, энергетика, құрылыс және қалалық инфрақұрылым салаларына Германияның инвестициялары мен технологияларын тарту жолдарын талқылады.
Германия Федералдық канцлерінің халықаралық экономикалық саясат жөніндегі кеңесшісі Левин Холлемен өткен кездесудің негізгі тақырыбы бірлескен инвестициялық-қаржылық платформа құру болды. Аталған бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айында Германияға жасаған сапары барысында ұсынған еді. Қазақстан тарапы Alatau City қаласының инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларын осы платформа аясындағы пилоттық жобалар ретінде қарастыруды ұсынды.
Германияның Тұрғын үй шаруашылығы, қала құрылысы және құрылыс федералдық министрлігінің статс-хатшысы Олаф Йоахиммен заманауи құрылыс технологиялары мен энергия тиімділігін арттыруға бағытталған шешімдер талқыланды. Ал Германия Сыртқы істер министрлігінің Еуропа істері жөніндегі мемлекеттік министрі Гунтер Крихбаумға Қанат Бозымбаев екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын таныстырды.
Бизнес өкілдерімен өткен дөңгелек үстел
Берлин кезеңінің басты іс-шарасы Alatau City Investment Round Table инвестициялық дөңгелек үстелі болды. Іс-шара Германия экономикасының Шығыс комитетімен және Германия өнеркәсібінің федералдық одағымен (BDI) бірлесіп ұйымдастырылды.
Қанат Бозымбаев инвесторларға қаланың инвестициялық мүмкіндіктері мен арнайы құқықтық режимінің ерекшеліктерін таныстырды. Үкіметтің мәліметінше, аталған режим инвесторлардың құқықтарын қорғауды және инвестициялық преференциялар беруді көздейді.
BDI басшылығының өкілі Вольфганг Нидермаркпен Германия кәсіпорындарының 2026–2028 жылдарға арналған өнеркәсіптік, технологиялық және шикізат салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі жол картасын іске асыруға қатысуы талқыланды. Сонымен қатар Alatau City аумағында жаңа өндіріс орындарын ашу мәселелері қарастырылды.
Германия компаниялары қандай жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр?
Henkel, SVEVIND Energy, Textima, dena және басқа да компаниялардың өкілдерімен өндіріс орындарын Қазақстанға көшіру, энергетикалық және су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ машина жасау саласындағы өндірістік кооперацияны кеңейту мәселелері талқыланды.
Толығырақ сілтеме бойынша: https://kz.kursiv.media/2026-11-05/zhki-drony-zavody-i-medicina-chto-kompanii-iz-germanii-budut-stroit-v-alatau-city/?utm_campaign=endless_feed